Қазақстан халықаралық көлік дәліздерін интеграциялау арқылы транзиттік әлеуетін арттыра алады
Қытай, Орталық Азия және Еуропа арасындағы көлік дәліздерін дамыту Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Алайда басты міндет — жүк тасымалы көлемін арттыру ғана емес, ел экономикасы үшін ұзақ мерзімді тиімділікке қол жеткізу.
Бұл туралы Алматыда өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда Р. Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының бас директоры Дүкен Мәсімханұлы мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform.
Сарапшының пікірінше, Қазақстан стратегиялық маңызы бар үш көлік бағытын өзара үйлестіруге басымдық беруі қажет:
«Бір белдеу, бір жол» — Азия, Еуропа және басқа да өңірлер арасындағы көлік, сауда және инфрақұрылымдық байланыстарды дамытуға бағытталған Қытайдың халықаралық бастамасы.
Транскаспий халықаралық көлік бағыты (Орта дәліз) — Қытай мен Еуропаны Қазақстан, Каспий теңізі, Әзербайжан және Грузия арқылы байланыстыратын мультимодальды бағыт.
«Солтүстік — Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізі — Еуразияның солтүстік нарықтарын Парсы шығанағы елдерімен және Оңтүстік Азиямен байланыстыратын көлік бағыты.
Бұл бағыттарды интеграциялау Қазақстанға жүк ағындарын әртараптандыруға, көлік байланыстарын нығайтуға және халықаралық сауда мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады.
Дегенмен, Дүкен Мәсімханұлы атап өткендей, транзиттік тасымал көлемінің артуы өздігінен ұлттық экономиканың дамуына кепілдік бермейді.
Ұзақ мерзімді экономикалық нәтижеге қол жеткізу үшін Қазақстан өңдеу өнеркәсібін қатар дамытып, отандық кәсіпорындардың халықаралық жобаларға қатысуын кеңейтіп, ел ішінде қосылған құнды көбірек қалыптастыруы қажет.
Сарапшы шетелдік инвестицияларды тарту мәселесіне де ерекше назар аударды. Оның пікірінше, инфрақұрылымды дамыту инвестициялық жобалардың ашықтығымен, экологиялық стандарттардың сақталуымен және жергілікті мамандарды тартумен қатар жүруі тиіс.
Осылайша, Қазақстанның стратегиялық мақсаты — Шығыс пен Батыс арасындағы транзиттік буын болып қана қоймай, Еуразияның толыққанды логистикалық, өндірістік және сауда орталығына айналу.
🌐 SCALEX Astana 2027 — логистика және жеткізу тізбектері жөніндегі халықаралық B2B форум. Ол көлік саласының, бизнестің, мемлекеттік құрылымдар мен халықаралық ұйымдардың өкілдерін біріктіреді.
Форумның басты назарында — Орта дәлізді дамыту, халықаралық ынтымақтастық, логистикалық инфрақұрылымға инвестиция тарту, цифрландыру және орнықты жеткізу тізбектерін қалыптастыру мәселелері.
📅 2027 жылғы 9–11 маусым
📍 EXPO халықаралық көрме орталығы, Астана, Қазақстан